Гаити астанасы Порт-о-Пренсте тұратын 16 жастағы жасөспірім Адам құқықтарын қорғау ұйымына 14 жасында «Village de Dieu» қылмыстық тобына қосылғанын айтты.
«Ұйымға қосылмай тұрып, анаммен бірге өмір сүрдім. Тамақ пен киім табу өте қиын еді, – деді ол. – «Үйде тамақ жоқ еді. Бірақ топта жүргенімде тамақ жей алатынмын».
Бұл жеке бір жағдай емес.
Кариб теңізіндегі бұл ел 2021 жылдан бері хаос жағдайында. Қылмыстық топтар астананы және басқа аймақтарды басып алып, азық-түлік пен медициналық заттардың тапшылығына себеп болуда.
Гаитиде балалар мемлекет әлсіздік танытқандықтан астананы басып алған және осал тұрғындарды қанауға бағытталған қылмыстық топтардың қол астына түсуде.
Халықаралық саясат профессоры Амаленду Мисра: «Кедейлік, тәртіпсіздік және заңсыздық – Гаитидегі қылмыстық топтардың балаларды қаруландыруының негізгі себептері», – дейді.
Мисраның айтуынша қақтығыстар салдарынан жетім қалған көптеген бала аштықтан құтылудың жалғыз жолы ретінде қылмыстық топтарға қосылады.
«TRT World» арнасына берген сұхбатында ол: «Балалардың қылмыстық топтарға қосылуына жол бермейтін заңды билік болмағандықтан бұл топтар жазасыз әрекет етеді», – деді.
Қылмыстық топтар балаларды тамақ, қорғау және тиесілілік сезімімен қызықтырады. Таңдауы жоқ бала бұл тұзаққа түседі.
Бұл топтар қорқыныш арқылы басқарады; адам ұрлау, бопсалау және қарулы қақтығыстармен айналысады. Мемлекет бұл жағдайға араласа алмайтындықтан қылмыстық топтар Порт-о-Пренстің шамамен 80%-ын бақылауда ұстап отыр.
Заңсыз мемлекет
Гаити 2021 жылы президент Жовенель Моизе өлтірілгеннен кейін тез арада заңсыздық жағдайына ұшырады. Оның өлімінен кейін пайда болған заңсыздық қылмыстық топтарға астананың басым бөлігін бақылауға алуына мүмкіндік берді.
Бұл жерде өмір зорлық-зомбылыққа тәуелді. Адам ұрлау, бопсалау және қарулы қақтығыстар күнделікті оқиғаға айналған.
Балалар әрдайым қауіп-қатер астында, ал мемлекет оларды қорғауда дәрменсіз.
Қайырымдылық ұйымдары аштық пен шектен тыс кедейлік көптеген отбасын үмітсіздікке ұшыратып, қылмыскерлердің көбеюіне жол ашатынын хабарлайды.
Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасының мәліметінше Гаити халқының жартысынан көбі аштық жағдайында және бұл ең алдымен балаларға әсер етеді.
Мисра: «Нәтижесінде күн көру үшін ата-аналардың өзі балаларын қылмыстық топтарға қосылуына көз жұмады», – дейді.
Сарапшылардың айтуынша Гаитидегі экономикалық дағдарыстың тереңдеуіне байланысты бұл жағдай соңғы екі жылда айтарлықтай нашарлаған.
10 жастағы балалар тыңшы болу, қару тасу және зорлық-зомбылық әрекеттеріне қатысуға мәжбүрленеді. Көпшілігі «жоқ» деп айта алмайды, себебі аштық пен зорлық-зомбылық оларды басқа таңдау жасай алмайтындай жағдайға жеткізеді.
Жыныстық зорлық-зомбылықтың артуы
Саяси тұрақсыздық пен қоғамдық тәртіпсіздік жағдайында қылмыстық топтардың таралуымен бірге жыныстық зорлық-зомбылық деңгейі де алаңдатарлық шекке жетті.
БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі кеңсесінің хабарлауынша елдегі жыныстық зорлық-зомбылықтың көпшілігі хабарланбайды және қылмыскерлер жазасыз қалады.
Әйелдер мен қыздар қылмыстық топтардың бақылау орнату және қорқыту құралы ретінде зорлық-зомбылыққа ұшырауда.
Мисраның айтуынша қыздар жыныстық құлдыққа мәжбүрленіп, қарапайым жұмыстарға пайдаланылса, ұлдар тыңшы ретінде дайындалып, полицияға қарсы шайқастарда алдыңғы қатарда жүреді.
Құлаған білім беру жүйесі
Мектептер ұзақ уақыт бойы баспана ретінде қарастырылғанымен қазір хаос жағдайында. Қылмыстық топтардың бақылауындағы аймақтарда мектептер жабылуға мәжбүр, ал мұғалімдер зорлық-зомбылық пен бопсалаудан қорқып жұмыс істей алмайды.
Бұл жағдай балаларды кедейліктен құтылудың жалғыз мүмкіндігінен айырады.
Егер жағдай өзгермесе, Гаитидегі балаларға келтірілген зиянның орны толмайды.