Оңтүстік Корея президенті Юн Сук Ёл түн ортасында «YTN» телеарнасының тікелей эфирінде күтпеген мәлімдеме жасады. Президент тікелей эфирде әскери жағдай жариялады. Юн бұл радикал қадамға баруға мәжбүр болғанын, бұл елдің еркін және конституциялық құрылымын сақтау үшін қажет екенін алға тартты. Оппозициялық партияларды парламент процесіне кедергі келтірді деп айыптаған Юн бұл жағдайдың елді дағдарысқа апарып жатқанын атап өтті.
Юн жағдайдың маңыздылығына тоқталып, «Еркін Корея Республикасын Солтүстік Кореяның коммунистік күштерінің қауіп-қатерінен қорғау, халқымыздың бостандығы мен бақытын талан-таражға салып жатқан Солтүстік Кореяны жақтайтын мемлекетке қарсы зұлым күштерді жою және еркін конституциялық құрылымды қорғау үшін әскери жағдай жариялаймын», - деді. Алайда ол үкіметтің әскери жағдай жариялауы аясында нақты қандай қадамдар жасауды жоспарлап отырғаны туралы толық мәлімет бермеді.
Юнның мәлімдемесі қазіргі уақытта Оңтүстік Кореяның Ұлттық ассамблеясында көпшілік орынға ие оппозициялық Демократиялық партияға бағытталды. Осы аптада партия бірнеше жетекші прокурорды жұмыстан босату туралы ұсыныс жасады және үкіметтің бюджеттік ұсынысын қабылдамады. Юнның пікірінше бұл саяси қадам соғыс жағдайын енгізуді қажет ететін дағдарысқа ықпал еткен.