Дүниежүзілік әскери ұшқышсыз ұшу аппараттары нарығы күрт өзгеріске ұшырауда. АҚШ-та орналасқан Жаңа Американдық Қауіпсіздік Орталығы (CNAS) жақында жариялаған есеп бойынша Түркия қарулы ұшқышсыз ұшақтар мен ұшқышсыз ұшатын аппараттардың жаһандық нарығында ең үлкен үлеске ие ел ретінде бірінші орынға шықты.
Түркияның бұл жетістігі АҚШ пен Израиль сияқты бұрынғы көшбасшыларды артта қалдырып, ұшқышсыз ұшақтардың жаңа дәуірін бастады.
Осы айдың басында жарияланған Жаңа Американдық Қауіпсіздік Орталығы есебінде Түркия, Қытай және АҚШ 2018 жылдан бері 40 елге барлығы 69 қарулы ұшқышсыз ұшақ сатқаны айтылды. Бұл сатылымдардың 65 пайызы Түркияға тиесілі. Қытайдың үлесі 26 пайыз, АҚШ-тың үлесі тек 8 пайыз көлемінде болған.
Түркияның көшбасшылық жолы
Сарапшылардың пікірінше Түркияның ұшқышсыз ұшақ нарығындағы көшбасшылығы Анкараның отандық қорғаныс өнеркәсібіне берген маңызына байланысты.
«Түркияның озық ұшқышсыз ұшу аппараттарын жасаудағы жетістігі қорғаныс секторының шетелдік технологияларға қол жеткізудегі кедергілерді әсіресе АҚШ пен Израиль сияқты одақтастар технология тасымалдауын шектейтін немесе сатудан бас тартқан қиын кезеңдерді еңсеру әрекетінің тікелей нәтижесі», - дейді Хасан Калёнжу университетінің саясаттану кафедрасының доценті Мұрат Аслан.
Ғалымның айтуынша ұшқышсыз ұшу аппараттары алғаш пайда болған кезде олар әдетте барлау, бақылау және өрт сөндіру сияқты миссиялар үшін қолданылатын қарапайым жүйелер болған.
«Бірақ уақыт өте келе ұшқышсыз ұшу аппараттары заманауи соғыстағы рөлін айтарлықтай кеңейтіп, әртүрлі жүктерді тасымалдауға қабілетті күрделі платформаларға айналды», - деді Мұрат Аслан.
Қорғаныс өнеркәсібінің рөлі
Түркияның жаһандық ұшқышсыз ұшақ нарығындағы көшбасшылығы «Baykar», «Roketsan» және «Aselsan» сияқты қорғаныс компанияларының табысына негізделген.
«Baykar»-дың «Bayraktar TB2» ұшқышсыз ұшақ аппараты әсіресе Әзербайжан мен Армения арасындағы Қарабақ соғысында қолданылды және елдің ұшқышсыз ұшақ аппараты технологиясындағы табысының символына айналды.
«Bayraktar TB2»-ден басқа «Baykar» әзірлеген «Akıncı» ұшқышсыз ұшу аппараты Түркияның жоғары технологиялық ұшқышсыз ұшақ аппараты өндірушісі ретінде мәртебесін одан әрі нығайтып, жоғары биіктікте ұшу мүмкіндіктері бар жетілдірілген көлік ретінде ерекшеленеді.
Күрделі еңбек жолы
Түркияның бұл саладағы жетістікке жетуі оңай болмады. Түркия бастапқыда компоненттерді сатып алуда қиындықтарға тап болды және өз жүйелерін шығаруға шешім қабылдады.
Аслан Түркияның ұшқышсыз ұшу аппаратын дамыту процесінде маңызды кедергілерге тап болғанын атап өтіп, «Түркия 1990 жылдары израильдік «Heron» ұшқышсыз ұшақ аппаратын сатып алғысы келген. Бірақ операциялық шектеулер болды. Мәселен жүйелерді түрік операторлары емес, израильдік қызметкерлер басқаруы керек еді», - деді.
Бұл тәуелділік және шетелдік ұшқышсыз ұшақтардан нақты ақпарат алудағы кідіріс Түркияны өзінің жеке ұшқышсыз ұшағын өндіру бағдарламасын іске қосуға итермеледі.
Түркияның бұл салада көтерілуіне «Roketsan» және «Aselsan» сияқты қорғаныс секторындағы маңызды ойыншылар да үлес қосты. «Roketsan» зымыран жүйелері мен ұшқышсыз ұшу аппараттары үшін қару интеграциясына маманданып, «Aselsan» ұшқышсыз ұшу аппараттарының мүмкіндіктерін арттыратын алдыңғы қатарлы авионика, байланыс және электронды соғыс жүйелерімен жұмыс істей бастады.
Алты ел 2022 жылы ұшқышсыз ұшу аппараты нарығына алғаш рет кіріп, барлығы «Baykar»-дың «Bayraktar TB2» моделін таңдады. Бұл Түркияның әлемдік нарықтағы үстемдігін нығайтты.
Өз күшімен жетістікке жету
Түркияның ұшқышсыз ұшақ аппараты өндірісіндегі маңызды қадамы отандық техника мен өндірістік қуатты дамыту еді.
Аслан Түркияның маңызды жеткізу мәселелерін шешу үшін әртараптандырылғанын және жергілікті құрамдас бөліктерді шығара бастағанын атап өтіп, «Негізгі бөліктерді алуда эмбаргоға қарамастан Түркия өндірісте мультипликативті әсер жасай алды. Бұл әсіресе шетелдік жүйелерге тәуелділік ұлттық қауіпсіздікке кепілдік бере алмайтынын түсінгеннен кейін қарқын алды», - деді.
«ANKA» сияқты бірегей дизайны мен мүмкіндіктері бар ұшқышсыз ұшақтарды жасап шығару Түркияның қорғаныс өнеркәсібіне жасаған үлкен бетбұрысы болды.
Түркияның ұшқышсыз ұшақ экспорты 2021 жылы Қытайды артта қалдырып, күрт өсті. «Baykar» 2000 жылдардың басынан бері өнімінің 83 пайызын экспорттады және 2022 жылы 1,8 миллиард долларлық экспортқа қол жеткізді.
«CNAS» есебінде АҚШ пен Израильдің ұшқышсыз ұшақ нарығындағы үстемдігі баяғыда аяқталғаны және Түркия, Қытай мен Иранның қолжетімді баламалары нарықты жаулап алғаны баяндалады.
Бұл үрдіс қарулы ұшқышсыз ұшақтардың жаһандық тасымалдануын айтарлықтай арттырып, Түркияны алдыңғы қатарға шығарды.
Түркияның «Baykar», «Roketsan» және «Aselsan» сияқты компаниялары басқаратын әскери ұшқышсыз ұшақтар өндірісінде жетекші елге айналуы - әскери күштердің жаһандық теңгеріміндегі өзгерістердің көрінісі. « Bayraktar TB2» және «Аkıncı» сияқты қолжетімді, жоғары технологиялық ұшқышсыз ұшу аппараттары Түркияны осы маңызды қорғаныс секторында басты ойыншыға айналдыруда.
Хасан Калёнжу университетінен доцент Аслан «Қарулы ұшқышсыз ұшақ жасау тек платформаға қатысты емес. Платформада қолданылатын оқ-дәрілер мен басқару жүйелері де маңызды», - дейді.
«Roketsan» жетілдірілген оқ-дәрілер жасау арқылы маңызды рөл атқарды. «Aselsan» электр және электронды қолдау көрсетті, ал «Havelsan» қажетті бағдарламалық жасақтаманы әзірледі. Бұл мемлекеттік қорғаныс компаниялары ұшқышсыз ұшу аппараттарының үлгілерін жасауда жетекші рөл атқарды. Бірақ отандық оқ-дәрілер болмаса, Түркия әлі де сыртқы жеткізушілерге тәуелді болар еді», - дейді ғалым.