Ұлыбританияның премьер-министрі Стармер Блэр дәуіріндегі саясатты жаңғыртып, Палестина тақырыбында британдықтардға опасыздық жасауда.
Британ премьер-министрі Кир Стармер Тони Блэрдің 2003 жылы АҚШ бастаған Иракқа басып кіруін қолдаған бірнеше жағдайды қоспағанда Жұмысшы партиясының соғысқа қарсы дәстүрлі ұстанымына қарамастан, Израильдің Газадағы палестиналықтарға қарсы аяусыз соғысын геноцид деп сипаттаудан қашып отыр.
«Ipsos» компаниясының соңғы сауалнамасына қарағанда, британдықтардың 73%-ы атысты шартсыз тоқтатуды қолдайтыны және жұртшылықтың 60%-ы Израиль соғыста шектен шығып кетті деп санайтынына қарамастан, Стармер көпшілік пікірін елемеу арқылы Блэр дәуірінің саясатын қайталап отыр.
Қоғамдық пікір мен үкімет саясаты арасындағы бұл айқын алшақтық Ұлыбританияның моральдық басымдықтары және елдің сыртқы саясаты ұлттық мүддеге ме, әлде шетелдік субъектілердің мүдделеріне қызмет ете ме? деген күрделі сұрақтарды тудырады.
Қоғамдық пікір: Жұртшылықтың жалпы дауысы
Жұмысшы партиясының сайлаушылары да Стармер режимінің сатқындығын сезінеді. Ақпан айындағы «YouGov» есебіне қарағанда, Жұмысшы партиясы сайлаушыларының 83 пайызы Израильдің соғысты аяқтағанын қалайды.
Жұмысшы партия басшылығының парламентте атысты тоқтату туралы резолюцияны қолдаудан бас тартуы және 2023 жылдың қарашасында бірқатар депутаттың отставкаға кетуі сайлаушыларды алыстата түсті.
Стармер басқаратын үкіметте Израильге қысым жасау үшін күш-қайраттың жоқтығы британдықтардың үкіметтің кемшіліктерін көбірек білуге және қоғамның 40 пайызының Стармер мен Жұмысшы партиясы үкіметінің жұмысына орташа деп баға беруіне жол ашты.
Халықтың 35%-ы Стармерді өз жұмысында нашар деп санайтындықтан, наразылық арта түсті.
Соның салдарынан елде Газада тез арада атысты тоқтатуды талап еткен жүздеген мың адам қатысқан жаппай наразылық шерулері өтті. Көшеде «Қару-жарақ сатуды тоқтат», “атысты дереу тоқтату» және «Палестина үшін әділдік» деген ұран салынды.
Бұл наразылықтар әртүрлі саяси, діни және мәдени ортаны білдіретін британ қоғамының көпшілігінің мақұлдауының көрінісі болды.
Үкіметтің көзқарасы: халыққа емес, одақтастарға сәйкес саясат
Жұмысшы партиясының манифестінде тәуелсіз Палестина мемлекеті палестиналықтардың «ажырамайтын құқығы» екені анық айтылған. Партия сонымен қатар екі мемлекетті шешімді қолдауға да уәде берді.
Ал іс жүзінде Жұмысшы партиясы үкіметі БҰҰ-да дипломатиялық қалыс қалу, қару-жарақ сату және көптеген халықаралық сарапшылар геноцид деп сипаттаған қоршаудағы палестиналықтарға емес, Израильдің соғыс машинасына қолдау көрсету саясатын ұстанды.
Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясындағы атысты тоқтату туралы резолюциялардан Ұлыбританияның қалыс қалуы бүкіл әлемде әділеттілікке шақырулар күшейген сайын елді халықаралық қоғамдастықтан оқшаулайды.
«Израиль өзін-өзі қорғау үшін көптеген бейбіт тұрғынды өлтіруіне болады» деген орынсыз дипломатиялық риторика ешбір жерде қабылданбады. Ағылшын азаматтарды тыныштандыру мақсатында Сыртқы істер министрі Дэвид Лэмми Израильге қару сатуға берілген 350 лицензияның 30-ының тоқтатылғанын жариялады. Алайда бұл қадам жұртшылықты сендіре алмады. Бұл тек көзбояушылық ретінде қабылданды.
Бөлінген парламент
Газа секторында төгілген қанның қорқынышты көріністері көптеген Еуропа елін Израиль саясатын қайта қарауға мәжбүр етті. Испания, Норвегия және Ирландия сияқты елдер Палестина мемлекетін мойындап, АҚШ пен Израильді қолдайтын одақтастарының қатаң әскери тәсіліне мойынсұнудың орнына, Палестинаға әділдік талап ететін жаһандық үндеулерге сай балама жол таңдады.
Ұлыбритания үкіметінің Израильді жасаған әскери қылмыстары үшін жауапқа тартуға және Газаға қарсы соғысты тоқтатуға бағытталған халықаралық күш-жігерге қосылуға құлықсыздығы оның ел ішінде де, шетелде де беделіне нұқсан келтіруде. Сондай-ақ әртүрлі қақтығыстарда бейтарап делдал рөлін атқара алатын әлеуеті де күмән тудыра бастады.
2024 жылдың қазан айындағы «YouGov EuroTrack» сауалнамасы Батыс Еуропа тұрғындарының, тіпті Иранмен толық масштабтағы соғыс болған жағдайда да, Израильге әскери көмек көрсетілуіне түбегейлі қарсы екенін көрсетті, Ұлыбритания халқы да осыған ұқсас көзқарас танытты. Бұл маңызды өзгеріс Израиль үгіт-насихатының сәтсіздігін ғана емес, сонымен қатар әділеттілікке қолдау көрсете алмаған және Израиль сияқты өз бетінше әрекет ететін күшті тежеуге қауқарсыз батыс елдерінің әлсіздігін де айқындап берді.
Ұлыбританияда үкіметке деген сенім әлсіреп барады. Стармердің әрекетсіздігі оны мұсылмандарға деген өшпенділік пен жауласу сезімін қолдайтын радикалды сионистік және әсіре оңшыл күштермен байқаусызда біріктіргендіктен мұндай келіспеушілік қоғамның бірлігіне орны толмас зиян келтіруі мүмкін.
Қазіргі уақытта Стармер басшылығы қала мэрлері Садык Хан мен Энди Бернхэм, сондай-ақ Шотландия Жұмысшы партиясының жетекшісі Анас Сарвар секілді 50 парламент мүшесінің отставкаға кетуін қабылдады. Көптеген басқа басшылар да өткен жылдың 7 қазанынан бері үздіксіз жалғасқан геноцид алдында ызаға булығып, дәрменсіз және қауқарсыз сезінуде.