Соңғы кезде ойын индустриясында қоршаған ортаны қорғаумен тоғысатын жаңа сала танымал бола бастады. Бұл салада ойындар ойыншылардың экологиялық мәселелерге деген сезімталдығын ескере отырып, ойыншыларды планетаға тигізетін зарарлары туралы ойландырады.
Бұл ойындар тек ойландырып қана қоймай, нақты әлемде әрекет етуге итермелейді. Осылайша ойыншы көңіл көтереді, әрі хабардарлығын арттырады.
Танымал бейне ойындар дегенде сіз әрине спорт, шайқас және шытырман оқиғаларға толы ойындарды елестетесіз. Сізді экранға телміртіп қоятын ойындар? Бірақ бейне ойындардың басқа мүмкіндіктерін де ойласаңыз? Мәселен, әлемдегі ең үлкен мәселені шешуге көмектесе алатынын ойлап көріңіз.
Бұл бөлімде қоршаған ортаны қорғауға арналған ойындар туралы баяндаймыз. Кейбір ойын жасаушылардың әдетте бір-бірімен байланыссыз ойын әлемі мен экологиялық әрекеттерді қалай біріктіріп жатқанын қарастырамыз.
Бұл бағыттағы алдыңғы қатарлы ойындардың бірі — «Terra Nil». Оңтүстік африкалық дизайнер Сэм Альфред жасаған стратегия ойыны. Басқа ойындардан айырмашылығы империяны жаулап алу немесе құру емес, экожүйелерді қалпына келтіру. Ойынның мақсаты ластанған аумақтарды тазарту, ағаш отырғызу және «Үлкен тосқауыл рифі» сияқты табиғи ғажайыптарды сақтау. Бұл ойын стратегия концепциясын өзгертіп, планетаны сауықтыруды мақсат етеді. «Terra Nil» 2023 жылдың наурызында шықты. Қазірдің өзінде бұл ойынды 300,000-нан астам адам ойнаған.
Ойын нарығындағы бұл өзгеріс оңай болған жоқ. Сэм Альфред көптеген адамның бұл ойынды қақтығыс пен жаулап алу сияқты әдеттегі элементтердің болмауынан күмәнмен қабылдағанын айтады. Сэм Альфредтің мақсаты қоршаған ортаға зиян келтірмей қызықты стратегия ойын жасауды дәлелдеу. Бұл мақсат жолында жалғыз емес еді.
2017 жылы «Cities: Skylines» қала құру ойыны «Жасыл қалалар» деп аталатын арнайы кеңейтілген нұсқасын шығарды. Бұл ойыншыларға ластануды басқару және жаңартылатын энергияны ілгерілету арқылы экологиялық таза қалалар құруға мүмкіндік берді. Бірақ бұл ойын да кейбір пікірталастарға себеп болды. Ойынды жасаған студияның басқарушы директоры Марина Халикейнен ойынға шынайы әлем мәселелерін енгізгендіктен, кейбір ойыншылар ойынның шарты бұзылды деп ойлаған. Алайда ойын авторлары ойыншыларға өз қаласын жасылдандыруда таңдау еркіндігі бар екенін ашық айтты.
Бұл ойындардың жетістігі - ойындарда экологиялық тақырыптардың қозғалуы. Бұл мәселені тек тәуелсіз ойын жасаушылар ғана зерттеп жатқан жоқ. «Civilization» сияқты ірі ойын сериялары да климаттық дағдарыс элементтерін енгізді. Бұл ең үлкен ойын компанияларының да назар аударатынын көрсетеді.
Әлемде шамамен үш миллиард адам бейне ойын ойнайды. Ал климат белсенділері ойындарды хабар тарату үшін қуатты құрал деп есептейді. Біріккен Ұлттар Ұйымы «Mission 1.5» деп аталатын өз ойынын шығарды. Бұл ойынды алты миллионнан астам адам ойнаған. Ойын оларға климаттық мәселелерге бей-жай қарамауға көмектескен.
Ойын индустриясында осы мәселелерді біріктіруде дамып келе жатқан қозғалыс бар. 2020 жылы студиялар, сауда топтары және инвесторлар «Планета үшін ойын» деп аталатын одақ құрды. Олар тұрақты даму жобаларында ойын жасаушыларды шабыттандыратын «Green Game Jam» сияқты іс-шараларды өткізеді.
Сонымен қатар 2019 жылы «Халықаралық ойын жасаушылар қауымдастығы» (IGDA) арнайы климат бөлімін құрды. Бөлімнің мақсаты — ойындар арқылы климаттық дағдарыспен бірге басқа да күрделі мәселелер туралы адамдарды ақпараттандыру. Бүгінгі таңда қауымдастықтың климат бөлімінде 1500-ге жуық маман бар. Олар - климаттық хабардарлықты ойындарға енгізу үшін бірге жұмыс жасайтын ойын жасаушылар, профессорлар және экология саласының сарапшылары.
«Terra Nil», «Green Cities» немесе келесі кезектегі үлкен бейне ойын болсын, барлығының мақсаты анық. Бейне ойындар бізге қоршаған ортаны қорғауды жаңа тәсілдермен үйрете алады. Олар планета туралы басқаша ойлауға шабыттандырады. Тіпті шынайы әлемде әрекет жасауға итермелейді.