САЯСАТ
4 минут оқу
Климаттың жылынуы: Адамзат пен ғаламшар үшін шешуші кезең
Климаттың жылынуында 1,5°C шегінен асу қауіпті межені білдіреді. Бұл апаттарды, теңіз деңгейінің көтерілуін және экожүйелердің күйреуін жеделдетеді. Біз түзетуге келмейтін жағдайға жақындап келеміз бе?
Климаттың жылынуы: Адамзат пен ғаламшар үшін шешуші кезең
7 hours ago

2024 жылғы 29 қазанда Испанияның оңтүстік-шығысындағы тұрғындар 220-дан астам адамның өмірін қиған және инфрақұрылымға кең ауқымды зиян келтірген жойқын су тасқынына куә болды.

Жылдық жауын-шашын көлеміне тең қатты жауын-шашын салдарынан туындаған бұл су тасқыны Еуропада бұрын да болған. Климаттың жылынуына байланысты бұл жағдай осымен аяқталмауы мүмкін.

Ғаламшарымыз ғалымдар ұзақ уақыттан бері ескертіп келе жатқан маңызды шектерден асып, бұрын-соңды болмаған климаттық өзгерістерді бастан кешіруде. Соңғы есептер жаһандық орташа температураның өнеркәсіп дамуына дейінгі кезеңмен (1850-1900) салыстырғанда 1,5°C-тан асып кеткенін көрсетіп отыр.

Бұл өсім көпшілікке елеусіз болып көрінуі мүмкін, бірақ теңіз деңгейінің көтерілуіне, табиғи апаттардың жиілігі мен күшінің артуына және биоалуантүрліліктің айтарлықтай жоғалуына әкелетін климаттық дағдарысты жеделдетіп, адамзат пен ғаламшар экожүйелерінің болашағына қауіп төндіреді.

Дүниежүзілік метеорология ұйымы өткен айда жариялаған есепте атмосферадағы парниктік газдардың концентрациясы 2023 жылы рекордтық деңгейге жеткенін және бұл алдағы жылдары жаһандық температураның тұрақты түрде өсетінін білдіретінін атап өтті.

Климаттың жылынуының негізгі қозғаушы күші – көмірқышқыл газы. Ол адамзат тарихында болмаған қарқынмен атмосферада жинақталып, небәрі жиырма жылда 10 пайыздан астамға артты.

Бұл өсім негізінен қазба отындарының жағылуынан туындап отыр. Бұл үрейлі үрдіс ғаламшарымыздың түзетуге келмейтін жағдайға жақындап, климаттық апатқа қарай бет алғанын көрсетеді.

Ғалымдар 2024 жылдың тарихтағы ең ыстық жыл болғанын айтып отыр. Еуропалық Одақтың «Коперник» бағдарламасының бір бөлігі болып табылатын Климаттың өзгеруі қызметі 2024 жылдың 22 шілдесінде жаһандық орташа тәуліктік температура 17,15°C-қа жетіп, рекорд орнатқанын мәлімдеді.

Орташа температураның жоғарылауы тек ең жоғары және ең төменгі температуралардың артуына ғана емес, сонымен бірге экстремалды ауа райы құбылыстарының жиілеуіне де ескерту белгісі болып табылады. Бұған осы жазда АҚШ-тың кейбір аймақтарындағы аптап ыстық, Оңтүстік Еуропадағы жойқын су тасқындары және Оңтүстік Америкадағы орман өрттері мысал бола алады.

Әлем халқы бұл апаттардың ауыр зардабын шегуде, әсіресе дамушы елдерге көбірек салмақ түсіп отыр. Лондондағы Империал колледжінің зерттеуі 2004 жылдан бері климаттық дағдарыстың 10 жойқын апатында 570 000-нан астам адамның қаза тапқанын анықтады. 2011 жылы Сомалидегі құрғақшылық салдарынан 258 000 адам аштықтан көз жұмғаны осының айқын мысалы.

Жойылып бара жатқан елдер

Ғалымдар өндіріс саласының әрекеттері мен бақылаусыз газ қалдықтарының ғасыр соңына дейін жаһандық температураның 2,7°C-қа артуына әкелетінін алға тартады.

Бұл қауіпті сценарий теңіз деңгейінің көтерілуі салдарынан Бангладеш, Мальдив аралдары және Мысырдың Александрия қаласы сияқты тұтас елдер мен аралдардың су астында қалу қаупін тудырады. Сонымен қатар бұл азық-түлік қауіпсіздігіне қатер төндіріп, экожүйелерді бұзып, әлемдік экономикаларды әлсіретеді.

Өкінішке қарай, табиғи ресурстарды дұрыс пайдаланбау және адамдардың іс- әрекеттері бұл климаттық апаттардың басты себепкері болып отыр.

Ғалымдар экстремалды ауа райы құбылыстарының қарқын алуын атмосферадағы парниктік газдар концентрациясының өсуімен байланыстырып, бұл орташа температуралардың айтарлықтай көтерілуіне әкелетінін айтады.

Бұл қауіпті жағдай БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерришті ғаламшарымыздың орны толмас жағдайға жақындап қалғаны жөнінде бірнеше рет ескерту жасауға мәжбүрлеп, оны «климаттық тозақ» деп сипаттауына себеп болды.

Ол төмен көміртекті, тиімді және экологиялық тұрақты жасыл экономикаға көшуді жеделдетуге шақырды. Сондай-ақ дамыған және дамушы елдер арасында қазба отындарынан бас тартуды жеделдетуге бағытталған ынтымақтастықты күшейту қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар кедей елдерге шығарындыларды азайтуға және климаттың жылынуының салдарын жеңуге көмектесу үшін жеткілікті қаржылық қолдау көрсету керектігін айтты.

Келімсімдер мен саясат

Елдердің климаттың өзгеруінің ең ауыр салдарларын болдырмау үшін 1,5°C шегінде қалуға бағытталған Париж келісіміне берген уәделеріне қарамастан міндеттемелер мен нақты саясат арасындағы алшақтық жыл өткен сайын артып келеді. Халықаралық жауаптар көбіне мәселенің ауқымын шешуде көңіл көншітпейтін әрі жеткіліксіз болып отыр.

Жақында көңілге қаяу түсірген жайттардың бірі – Әзербайжандағы “COP29” төрағалығы ұсынған қаржылық келісімнің жобасы болды. Бұл келісім өнеркәсіптік қызметі арқылы климаттық дағдарысқа тарихи тұрғыда жауапты бай елдерді 2035 жылға дейін кедей елдерге климаттың өзгеруімен күресу үшін жыл сайын 250 миллиард доллар бөлуге шақырды.

Алайда бұл ұсыныс сынға ұшырады, себебі ол климаттық бейімделу үшін жыл сайын қажет болатын 400 миллиард доллар көлеміндегі болжамды сомадан әлдеқайда аз.

Бұл саясаттар әділетсіз, әсіресе Африка мен шағын арал мемлекеттері сияқты осал аймақтардағы миллиондаған адамның өміріне қауіп төндіріп отыр.

Үміт беретін шешімдер

Климаттық дағдарыстың ең ауыр зардаптарынан құтылуға әлі де мүмкіндік бар. БҰҰ қазіргі технологиялардың 2030-2035 жылдарға дейін шығарындыларды айтарлықтай азайта алатынын атап өтуде. Сарапшылар жаһандық көміртегі шығарындыларын 2030 жылға қарай 45%-ға қысқарту және 2050 жылға дейін нөлдік деңгейге жеткізу қажеттігін алға тартады.

Басты қадамдар қатарында Ұлттық бейімделу жоспарларын жүзеге асыру, жаңа қазба отын жобаларын тоқтату, көміртекті 2030 жылға дейін 30%-ға азайту, көмірді 2040 жылға дейін кезең-кезеңмен пайдаланудан шығару және бай елдердің қажетті қаржыны бөлуі бар.

Іздеу
Судан тамыздың басында тырысқақты індет деп жариялады
Оңтүстік Кореяның депутаттары президенттің әскери жағдай жариялауын қабылдамады
Түркия ұшқышсыз ұшақ аппараты секторында Қытай мен АҚШ-ты басып озып, көшбасшы атанды
Трамп-Нетаньяху қарым-қатынасында жаңа дәуір: адалдық пен шиеленіс
Президент Ердоған: "Ливандағы атыстың тоқтатылғанына қуаныштымыз"
Трамп экспансионист пе? Америкадағы АҚШ оккупацияларына көзқарас
Нетаньяхудың Израиль сот жүйесін қайта қарастыруға талпынысының шынайы себебі
Иран соғысқа қарсы Трамп пен қауіпсіздікке бей-жай қарамайтын діни қызметкерлердің арасында
Нан алуға барған бала Израиль шабуылынан қаза тапты
Жоғалған ұрпақ: Гаитидегі балалар қылмыстық топтардың құрбанына қалай айналуда?
Вашингтонның Қытайдың Африкадағы ықпалын шектеу ұмтылыстары сәтсіздікке ұшырауда
Непал әйелдері гүл жинауды түрлі-түсті индустрияға айналдырды
Кенияда мүйізтұмсықтарды қорғау үшін жасанды интеллект іске қосылды
«Өзеннен теңізге дейін» сөзі нені білдіреді?
Ғарышта ауыл шаруашылығы: үлкен келешегі бар кішкентай өсімдік
TRT Global-ды көріп алыңыз. Өз пікіріңізбен бөлісіңіз!
Contact us