Гази Мұхаммед әл-Мұхаммедті тұтқындаған сириялық әскери барлау қызметкерлері оған аты-жөнін және кім екенін ұмыту керектігін айтқан. Оның құжаттарын алып, «енді 3006-нөмірлісің», - деді. Мұхаммед Асад режимінің түрмелерінің бірінде бес жарым ай жатып, өлім жазасына кесілу қаупімен 40 келіге дейін арықтаған.
Бір апта бұрын режимге қарсы күштер Асадтың параноидты және қатыгез үкіметін құлатқаннан бері Мұхаммед сияқты бұрынғы тұтқындар Сирия халқының соңғы онжылдықта көрген азабын баяндады. Сирияның солтүстік-батысындағы Алеппо қаласының маңындағы Сармадада пештің алдында жастықтарға сүйеніп отырған арықша келген Мұхаммедтің бұл бұрынғы келбетінің көлеңкесі.
39 жастағы азамат Сирияда ешқашан саясатқа араласпағанын және бауырларымен бірге күн көру үшін қарапайым саудагер болғанына ант етеді. Ол Дамаск іссапарында тұтқынға түскен. «Үмітімді жоғалтқан кездер болды», - дейді сақалы мен қара шашы қысқа кесілген Мұхаммед.
«Ақырында мен өлгім келді. Бізді өлтіретін уақытты күттім. Қуандым деп те айтуға болады, өйткені бұл мен көрген қиындықтың соңы болатын еді», - дейді Мұхаммед.
Дамаск сапарында оны тұтқынға алғандар Асад режимінің құдіретті барлаушылары мен құпия агенттер еді. Олар Мұхаммедтің екі қолын қайырып, дәрігер досымен бірге алып кеткен.
«Бұл бес жарым ай бұрын еді», - дейді Мұхаммед. Ол не үшін қамауға алынғанын білмейді, бірақ мұның себебі режимге қарсы күштер 8 желтоқсанда Асадты қашуға мәжбүр еткен оңтүстік-батыс Идлиб провинциясынан келгені болуы мүмкін деп ойлайды.
Қолына кісен салынып, көзі байланған Мұхаммед Дамаскідегі елшіліктер, Біріккен Ұлттар Ұйымының кеңселері мен қауіпсіздік штабтары орналасқан сәнді Маззе ауданындағы уақытша ұстау изоляторына жеткізілген. Оны ғимараттың астынғы қабатына әкеліп, ұрып-соғуды бастаған.
Білегінен асылған күйде қинады
Алғашқы күндері ол камерадағы биік темірде білегімен ілулі тұрған, аяғы жерге тимеген. Кейін жерге тиетіндей етіп түсірілген.
Мұхаммедті ұрып-соғып, тамақ бермеген. Ол тек күзетшілермен байланыста болған.
«Олар маған ағамның бүлікшілерге қосылғанын мойындауымды бұйырды.
Шынымды айтсам, ағам Сармада қайырымдылық ұйымын басқаратын кәсіпкер болса да, олардың бұйрығын орындадым», - дейді ол.
Ол жақындарының көз алдында азапталған әйелдер мен балалардың жанайқайын естігенін айтады. Бір айдан кейін Мұхаммед әскери барлау қызметіне тапсырылған. Олар оған бұдан былай оның тек нөмір болатынын айтқан.
Ұзындығы екі метр шамасында, ені 1,2 метрдей тар камераға қамалған Мұхаммед. Жарықтың жалғыз көзі төбедегі аспалы терезе болған.
Камерада электр жарығы да, су да жоқ. Дәретханаға бару керек болғанда, күзетшілер оны жалаңаш күйінде, еңкейіп, көзін еденнен алмай баруға мәжбүрлегенін айтады. Олар оны өлім жазасына кесетінін айтып, мазақ еткен. «Қой сияқты бауыздаймыз. Әлде аяғыңнан асылғанды қалайсың ба? Әлде бағанаға асайық па?» - деп мазақ еткен күзетшілер.
Мұхаммед режимге қарсы күштердің солтүстіктен 11 күн бойы жылдам алға жылжығанынан, Асад әскерлері танктері мен басқа да жабдықтарын тастап кетіп жатқанынан және сырттағы жағдайдан бейхабар еді.
«Өзгерді»
«Бір күні түнде олар бізді камераларымыздан шығарып, бір-бірімізге байлап, дәлізге тізіп қойды. 14 тұтқыннан тұратын екі қатар болдық. Бір-бірімізді алғаш көруіміз еді. Біз өлеміз деп ойладық», - дейді ол.
Бір сағаттай дәлізде күткеннен кейін оларды камераларға итеріп жіберген.
«Мен ауырып тұрмын, дәретханаға баруым керек дедім, бірақ ешкім келмеді», - дейді Мұхаммед.
«Сосын тікұшақтардың ұшып-қонып жатқан дауысын естідік, офицерлерді алып кету үшін келді деп ойлаймын».
Бірнеше сағаттан кейін олардың камерасының есіктері бұзылып, режимге қарсы күштер оларды босатқан. «Мен жауынгерлерді көрдім. Түсім деп ойладым» деп баяндайды Асад режимінің құрбаны.
Мұхаммед өз оқиғасын баяндау барысында жанында отырған 75 жастағы анасы оның үстіндегі сырт киімін сипап отырды. Ол ұлынан көз алмады.
Оған ұлының қамауға алынғанын ешкім айтпаған болатын. Ол жоғалып кеткен еді. Халықаралық Қызыл Крест комитеті Сирияда 35 мыңнан астам адам із-түзсіз жоғалып кеткенін құжаттағанын хабарлаған болатын.
Мұхаммедтің олардан басты айырмашылығы оның жолы болған еді. Ол аман қалып, қайта оралды.
«Ол қатты өзгерген. Менің ұлым емес сияқты. Жиі-жиі қорқынышты түс көреді », - дейді анасы Фатима Абд әл-Ғани.
«Олар жауапқа тартылады деп үміттенемін», - деді Мұхаммед. Ол өзін тұтқындағандардың үшеуін анықтай алатынына сенімді.