Джозеф Аунның Ливан президенті болып сайлануы және оның премьер-министр болып Наваф Саламның таңдалуы елдің жұртшлығы мен саясатын ұзақ уақыт бойы билеп-төстеп келген шиіт қарулы тобы Хизболланың күшінің әлсіреугенін көрсетеді.
Бұл оқиғалар Иран қолдайтын «Хизболланың» өұзақ жылғы көшбасшысы Хасан Насралла Израиль тарапынан өлтірілген және ұйымның мыңдаған мүшесі нысанаға алынған жойқын шабуылдардан кейін болмыстық дағдарысқа тап болған кезде жүзеге асты.
Джозеф Аунның сайлануы
Аунның сайлануы 2022 жылдан бері парламенттегі келіспеушілік салдарынан бос қалған лауазымды орынды толтырды және елдің жетекші саяси қайраткерлері ережелерді үлкен игілікке айналдыруға дайын екенін көрсетті.
Ливан конституциясы бойынша әскери қолбасшының президент болуы мүмкін болмаса да, Жерорта теңізіндегі осы елдің саяси топтары Аунның бұл лауазымға жарамдылығына күмән келтірмеді. Ливан тарихы мен діни топтар бойынша сарапшы Туба Йылдыздың айтуынша, ел халқы бұл жағдайды «үлкен игілік үшін» үнсіз қабылдады.
2017 жылдан бері елдің ыдыраған ресми қарулы күштерін басқарып келген жаңа президент Ливанды бұрын отарлаған державалар АҚШ және Франциямен, сондай-ақ Сауд Арабиясымен жақсы қарым-қатынаста.
Аун - оның алдындағы басшылар сияқты Ливанның фракциялық саяси жүйесіне сәйкес марониттік христиан. Дегенмен Йылдыздың айтуынша, Аунның өзінен бұрынғылардан айтарлықтай айырмашылығы бар.
Хизболламен арақашықтық
Аунның Хизболладан және оның одақтастарынан алшақтығы оны шиіттер тобымен де, Сирияның биліктен қуылған көшбасшы Башар Асад режимімен де терең байланысы бар бұрынғы Мишель Аун сияқты президенттерден ерекшелендіреді. Айтпақшы Джозеф Аун мен Мишель Аунның фамилиялары бірдей болғанына қарамастан, туыс емес.
Йылдыздың айтуынша, бұл жоғары лауазымға армия қолбасшысының сайлануында Иран мен Хизболланың сенімді одақтасы саналатын Асад режимінің құлауы әсер етті.
Йылдыз TRT World арнасына берген сұхбатында: «Ливанда азаматтық соғыстан бері сайланған президенттердің көпшілігі Баас режиміндегі Сирияның мақұлдауымен сайланған еді” деді.
Секталық саясат және Наваф Саламның рөлі
Хизболла қолдайтын марониттік саяси қайраткерлердің бірі Сүлейман Франжие соңғы сәтте өз кандидатурасын алып тастап, Джозеф Аунды қолдайтынын жариялады.
Йылдыздың айтуынша, бұл жағдай Хизболланың президенттік сайлаудағы ықпалының төмендегенін көрсетеді. Йылдыз Хизболла қолдайтын заң шығарушылардың Аунның өз тобының қолдауына мұқтаж екенін көрсету үшін сайлаудың бірінші турына қатыспағандарын, бірақ екінші турда Аунға дауыс бергендерін айтты.
«Хизболла Джозеф Аунның сайлануына жол бермеу әрекеттерінің саяси себептерге байланысты нәтижесіз болатынын түсінді», - деп қосты Йылдыз.
Иран-Канада текті саясаттанушы Гонче Тазмини де Аунның сайлануын Иран басқаратын «Тойтарыс бағытының» «әсерінің төмендеуінің» көрсеткіші деп санайды.
Хизболла, Сириядағы биліктен қуылған Асад режимі, Ирактағы шиіт топтары, Йемендегі хуситтер және Хамас - осы тойтарыс майданының бір бөлігі.
« Ливан саясатына жиырма жылдан астам үстемдік етіп келе жатқан бұл топ Израильмен 14 айлық қақтығыстарында үлкен шығынға ұшырады: жоғары лауазымды тұлғалардың өлімі және Иранның қару-жарақ тасымалдауына көмектескен одақтасы Асадтың әлсіреуі», - дейді Тазмини TRT World арнасына.
Секталық саясат
Аунның нақты саяси тәжірибесі болмаса да, Йылдыз бұл өзі үшін де, ел үшін де артықшылық болуы мүмкін деп санайды. Өйткені Аунның бұрыннан секталық тұрғыдан бөлінген парламенттегі ешбір топқа тәуелділігі жоқ.
Бірақ Йылдыз Ливанның «институционалды секталық құрылымын» меңзеп, «Хизболланың» әскери болмысын жою сияқты экономикалық және әскери мәселелерде елеулі қадамдар басу қиын болатынын ескертті.
Ливанның халқы бес миллионнан асатын болса да, елде христиан, сүннит және шиіт мұсылмандары, сондай-ақ дүрзи сияқты этнодіни топтар өмір сүреді. Елдің саяси жүйесі ұлттық партияларға емес, осы діни топтарды білдіретін партияларға негізделген.
Ливанда президент әрқашан маронит, премьер-министр сүннит мұсылманы және парламент спикері шиіт мұсылманы болып келеді. Парламент болса әртүрлі сыртқы күштерге сәйкес бөлінген секталық күштердің «сахнасы» болып табылады.
Жалпы Сауд Арабиясы мен Парсы шығанағы елдерінің Ливандағы сүннит топтарына дәстүрлі түрде үлкен ықпалы болған, ал Иран елдегі шиіт топтарын қолдайды. Ал христиандық топтардың батыс державаларымен тамыры терең байланысы бар.
Дегенмен елдің күрделі саяси құрылымы да кейде қызықты одақтардың пайда болуына себепші болды. Мысалы бұрынғы президент Мишель Аун шиіт мұсылман елі Иранмен жұмыстық қарым-қатынас орнатқан, ал қазіргі президент Сауд Арабиясымен жақсы қарым-қатынаста.
Тазмини осы жағдайдың бәрін ескере отырып, жаңа президенттің алдында«маңызды қиындықтар» тұрғанын айтады.
АҚШ пен Сауд Арабиясының аймақтық мүдделері сәйкес келетініне қарамастан, Аун платформасы Ливанның күрделі секталық билікті бөлісу жүйесінде жаңа үкіметті құру міндетін қамтиды.
«Алты жылдық экономикалық құлдырауды қалпына келтіру, терең саяси жікшілдік пен төмендеген қоғамдық сеніммен күресу өте қиын міндет болады», - дейді Тазмини.
Танымал жаңа премьер-министр
Ливанның күрделі саяси құрылымына қарамастан, премьер-министр болып тағайындалған Наваф Салам халықаралық деңгейде де, ел ішінде де мойындалған біліктілік пен әділетті тұлға болып табылады. Салам - Израильдің Газаға жасаған аяусыз шабуылдарына қатысты соңғы шешімдерімен танымал Халықаралық Соттың бұрынғы төрағасы.
Йылдыздың айтуынша, Салам 2022 жылы премьер-министрлікке үміткер болған, бірақ сол кездегі Хизболла ықпалының арқасында Микати сайланған еді.
Оның дипломатиялық біліктілігі ондаған жылдар бойы шетелдік араласу күшті әсер еткен Ливанның саяси дағдарыстарын жеңуге көмектесуі мүмкін. Салам мемлекеттің қару-жарақ монополиясы туралы айтып, «Ливан мемлекетінің билігін оның бүкіл аумағында кеңейтуге» және Хизболланың Ливанның оңтүстігінен кетуін талап ететін БҰҰ-ның 1701 қарарын толығымен орындауға уәде берді.