Жақында «Adidas» АҚШ-тағы израильді жақтаушы топтар және Израиль үкіметінің қысымына мойынсұнып, жаңа кроссовка науқанын жарнамалаған палестиналық супермодель Белла Хадидтің суреттерін алып тастады.
Хадид - Израильдің Палестинаны басып алуына ашық наразылық танытқандардың бірі. Газадағы жазықсыз бейбіт тұрғындардың қырылуына бірнеше рет қарсылық білдірді. Жалғасып жатқан Израиль қырғынында осы уақытқа дейін 39 мыңнан астам адам қаза тапқан.
Нью-Йорктегі зәулім ғимараттар мен кроссовка алыбының әлеуметтік желідегі аккаунттарындағы жарнамада Палестинада туған американдық модель «Adidas»-тың жаңадан шығарылған «SL72» ретро кроссовкаларын киіп шықты.
Түпнұсқа кроссовка 1972 жылғы Мюнхен Олимпиадасы кезінде спортшыларға жеңіл атлетикалық аяқ киім опциясын ұсынған «Adidas» компаниясының «SL» (Super Light) сериясының бөлігі.
Батыс Германияда өткен үлкен спорттық іс-шара кезінде палестиналық «Қара қыркүйек» ұйымы Израиль командасы тұрған жерге басып кірген еді. Полициямен атыс кезінде он бір израильдік, бес палестиналық және бір неміс полициясы да қаза тапқан болатын.
Израильдік сыншылар кроссовкалардың тарихына назар аударып, Хадидті науқанның моделі ретінде таңдауы антисемиттік және «әдейі болуы мүмкін» деп айыптады. Бұл супермодельдің Газадағы жойқын соғысқа қарсы ұстанымымен байланыстырылды.
Басты нысана: Белла Хадид
Супермодельдің антисемитизмнің нысанасына айналуы алғаш емес.
2021 жылы Хадид «Instagram» тікелей эфирінде «Өзеннен теңізге дейін Палестина азат болады» деп ұрандатты. Израильдің «X» (бұрынғы Twitter) аккаунты Хадидті «еврейлерді теңізге лақтыруды қолдады» деп айыптады.
«Белла Хадид сияқты атақтылардың еврейлерді теңізге лақтыру керектігін қолдауы еврей мемлекетін жоюды жақтағаны», - делінген Израильдің ресми аккаунтында.
Аяқ киім дау-дамайынан кейін аталмыш аккаунт Хадидті «антисемитизмді тарату және израильдіктер мен еврейлерге қарсы зорлық-зомбылықты жақтаған жартылай палестиналық модель» деп сипаттады. «Ол және оның әкесі еврейлерге қарсы жала мен антисемиттік қастандық теорияларын жиі насихаттайды», - делінген мәлімдемеде. Израильдің жазбасы «Adidas»-ты тегтеу арқылы сұрақ тудырды. Осылайша Хадид Израильді қолдайтын ұйымдардың да нысанасына айналды.
«Еврейлердің қаны төгілген олимпиаданы еске салатын аяқ киімді жарнамалауы жиіркенішті», - дейді антисемитизмге қарсы қозғалыстың Бас директоры Сача Ройтман.
«Adidas»-тың фашистік өткені
Спорт аяқкиімі алыбының бұлыңғыр өткені, әсіресе Гитлердің фашистік партиясымен байланысы нақты құжатталған.
1936 жылы Берлин олимпиадасында көптеген неміс спортшы Гитлердің фашистік режимінің әлем бойынша арийлік атлетика артықшылығын көрсетуге арналған іс-шарада «Adidas» компаниясының «Dassler» аяқкиімін киді.
Ол кезде брендтің негізін қалаушылар ағайынды Ади мен Руди Дасслер фашистік партияның мүшелері еді. Хаттарына «Хайл Гитлер» деп қол қоятын. Бұл ақпарат Барбара Смиттің «Кроссовкалар соғысы» кітабында, «Time»журналындағы мақаласынан алынған.
Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде ағайынды Дасслерлер кроссовка шығаруды тоқтатты және фабрикаларын «Panzerchreck» (Танк терроры) одақтастардың танктерін жоюға арналған танкке қарсы қару-жарақ жасау үшін пайдаланды.
«Adidas» осы уақытқа дейін фашистік партиямен бұрынғы байланыстары туралы үнсіз қалды. Ресми веб-сайтында спорттық киім брендінің ресми құрылған жылы 1949-ға дейінгі тарихы баяндалмайды.
Канье Уэст компанияны үлкен шығынға ұшыратты
Компанияның фашистік Германиямен байланысы 2022 жылы әлемге әйгілі рэпер Канье Уэсттің антисемиттік пікірлерінен келісімшарт бұзылғаннан кейін БАҚ назарына ілікті. Қазір «Йе» атымен танымал Канье Уэст «Мен еврейлерге қарсы өлімге әкелетін қадам жасаймын... Сіз мені тоқтатып, менімен келіспейтіндердің барлығын шеттеттіңіз» деген мәлімдемесі үшін қатты сынға ұшырады.
«Adidas» Уэстпен байланысын үзгенін және бұл компанияға жылдың бірінші тоқсанында 246 миллион доллар шығын келтіргенін мәлімдеген болатын. Жалпы табыс 1 пайызға төмендеді.
2024 жылдың наурыз айында «Adidas» дизайнын Уэст әзірлеген және бастапқыда тоқтатылған «Yeezy» кроссовкаларынан түскен 150 миллион доллардан астамын антисемитизммен күресетін топтарға аударғанын немесе аударуды жоспарлағанын мәлімдеді.
Бірақ кейбір сыншылар «Adidas»-тың бұл наразылығы «тым кеш» екенін алға тартты және компанияның наразылықты екі аптадан кейін мәлімдеуі сыншылардың назарын аударды.
«Қасақана» деп сынады
Белла Хадидтің жарнамасы жарияланған кезде көптеген адам «Adidas» компаниясын «қателіктерден сабақ алмаған» деп айыптады. Кейбіреулері науқанды «Қасақана және өте антисемиттік. Сондықтан оның қарапайым қателік екеніне сену қиын», - деді.
Хадид «Adidas» компаниясына қарсы қоғамдық жауапкершіліктің жоқтығынан сотқа шағым түсіру үшін адвокат жалдаған. Америкалық «TMZ» ойын-сауық веб-сайтына сілтеме жасаған дереккөздерге сәйкес Хадид «Компания зұлым және зиянды науқан жүргізіп жатыр», - деп мәлімдеді.
«Adidas» жарнамаларға қатысты сынға «кездейсоқ қателік» деп жауап берді. «Біз қайғылы тарихи оқиғалармен байланыстар болғанын білеміз, бірақ бұл қасақана емес және қолайсыздық үшін кешірім сұраймыз», - делінген компания мәлімдемесінде. Сонымен қатар компания науқанның қалған бөлігін қайта қарастыратындарын хабарлады. Мәлімдеме «Сондай-ақ серіктестеріміз Белла Хадид, A$AP Nast, Jules Kounde және басқаларымен туындаған кез келген жағымсыз жағдай үшін кешірім сұраймыз», - делінген.
Геноцидпен айыпталған мемлекет
Белла Хадидтің жарнама науқанындағы дауы Израильдің Халықаралық сотта геноцидпен айыпталған уақытқа тұспа-тұста келді. Газаға қарсы жойқын соғыс кезінде Израиль шенеуніктерінің мәлімдемелері этникалық тазалауға сілтеме жасады. Бұл мәлімдемелерді жасағандар арасында Израиль президенті Исаак Герцог, премьер-министр Беньямин Нетаньяху және әсіре оңшыл үкіметтің басқа министрлері сияқты Израильдің шешім қабылдаушылары бар.
9 қазанда Хамастың Израильге трансшекаралық операциясынан кейін Израиль Қорғаныс министрі Йоав Галлант Израильдің «адам жануарларына қарсы күресіп жатқанын», Газаны толық қоршауға алғанын, аймақта электр жарығы өшіріліп, азық-түлік пен жанар-жағармайдың кіруіне жол берілмейтінін хабарлады.
14 қазанда Израиль президенті Исаак Герцог «Газада жазықсыз бейбіт тұрғындар жоқ» деді. Екі аптадан кейін Израиль премьер-министрі Нетаньяху Библиядан бір аят келтіріп, атысты тоқтатуды қабылдамайтындарын мәлімдеді.
«Біздің Киелі кітапта былай делінген: «Амалектің саған не істегенін есіңе ал. Есімізде және соғысудамыз... Сарбаздарымыз - 3000 жыл бұрынғы еврей жауынгерлерінің мұрасының бір бөлігі», - деді Нетаньяху.
Израиль-Газа соғысы 10 айда 2 миллионнан астам палестиналықты босқынға айналдырды. 39 мыңнан астам адамды өлтіріп, 90 мыңнан астам адамды жаралады. Олардың арасында әйелдер мен балалар да бар.
Геноцидті сынау ма әлде антисемитизм бе?
Израильдің Газаға қарсы соғысы антисемитизмнің анықтамасын және Израильге қатысты кез келген сынның антисемиттік жек көрушілік немесе жек көрушілік емес екендігі ұзақ уақыт бойы дау болған кезеңді қайта өршітті.
7 қазаннан бері Нетаньяху Израильді немесе оның саясатын сынайтындарды фашистермен салыстыратын мәлімдеме жасап, антисемитизм деп жиі айыптады. Бұл мәлімдемелердің кейбіреулер үшін терминнің мағынасын бұзу қаупі бар.
Белла Хадид - Израильдің аймақтағы әрекеттеріне қарсылас білдірген азамат ретінде осы айыптауларға ұшыраған көптеген палестиналықтың бірі ғана.
«Израильге қарсы наразылықтың бәрі антисемиттік емес. Мұндай наразылық антисемиттік өшпенділік деп айтқаннан-ақ сынды толығымен заңсыз етеді, пікірталастарды басуға тырысасыз», - дейді израильдік тарихшы Том Сегев «AP» ақпарат агенттігіне берген сұқбатында.