Оңтүстік Кореяның депутаттары сәрсенбі күні президент Юн Сук Ёлдың әскери жағдай жариялау туралы шешіміне байланысты импичмент жариялауды ұсынды. Юн парламент пен әскер арасындағы дағдарыстан кейін өз шешімінен бас тартты. Бұл оқиға елдің беделіне нұқсан келтірді.
Сейсенбі түні Юн жариялаған әскери жағдай Оңтүстік Кореяда саяси әрекеттерге тыйым салу және бұқаралық ақпарат құралдарын цензуралауға бағытталған болатын. Оңтүстік Корея Азиядағы төртінші үлкен экономикаға ие және Америка Құрама Штаттарының негізгі одақтасы болып табылады.
Қарулы сарбаздар Сеулдегі Ұлттық ассамблея ғимаратына күштеп кіріп, ассамблея қызметкерлері өрт сөндіргіштермен қарсылық бергеннен кейін шегінген болатын. Депуттаттар әскери жағдай туралы шешімді қабылдамады және шерушілер сыртта полициямен қақтығысты.
Сәрсенбі күні кешке азаматтық және еңбек топтары Сеул қаласының орталығында балауыз шам жағып, Юнның отставкаға кетуін талап етті. Наразылық шарасы 2017 жылы бұрынғы президент Пак Кын Хеге импичмент жариялауға әкелген кең ауқымды балауыз шам наразылығын еске түсірді. Одан кейін жиналған топтар президент кеңсесіне қарай жүріп, шеру ұйымдастырды.
Оңтүстік Кореяның алты оппозициялық партиясы Юнды қызметінен босату туралы заң жобасын парламентке ұсынды. Юнға қарсыластары да, өз партиясы да авторитарлық жетекшілік етті деп айып тақты. Дауыс беру жұма немесе сенбі күндері өтеді деп жоспарланған.
Заң жобасын ресми түрде ұсынатын пленарлық отырыс сәрсенбі күні түн ортасынан кейін басталады деп жоспарланды.
Демократиялық партияның депутаты Ким Ёнг Мин журналистерге «Заңсыз әскери жағдайға көз жұма алмаймыз. Біз демократияның күйреуіне жол бермейміз», - дейді.
Юнның үкіметтегі «Халық күші» партиясының жетекшілері Қорғаныс министрі Ким Ён Хенді қызметінен босатуды және министрлер кабинетінің толық құрамының отставкаға кетуін талап етті. Қорғаныс министрлігі Кимнің отставкаға кетуді ұсынғанын хабарлады.
Бұл дағдарыс әлемдік қаржы нарығын дүр сілкіндіріп, Оңтүстік Кореяның «KOSPI» индексін 1,4 пайызға төмендетті. Жыл басынан бергі шығыны 7 пайыздан асқан «KOSPI» Азияның биылғы ең нашар нәтижелі қор индексіне айналды.
Вон тұрақтанса да, екі жылдағы ең төменгі деңгейге жақын болды. Дилерлер Оңтүстік Корея билігі араласып жатыр деп күдіктенгендерін айтты. Бұл жағдай Қаржы министрі Чой Санг Мок пен Оңтүстік Корея Орталық банкінің төрағасы Ри Чанг Ён арасындағы түнгі келіссөздерден кейін болды.
Сәрсенбі түні Чой әлемдік қаржы көшбасшылары мен несие рейтингтік агенттіктеріне шұғыл нота жіберді. Қаржы министрлігінің мәлімдемесіне сәйкес нотада нарықтың қалыпта екені және министрліктің саяси күйзелістерден туындауы мүмкін кез келген кедергілерді азайту үшін жұмыс істеп жатқаны айтылған.
Қауіп жоқ
Юн сейсенбі күні түнде теледидарда сөйлеген сөзінде әскери жағдайдың елді Солтүстік Кореяны қолдайтын мемлекетке қарсы күштерден қорғау және еркін конституциялық құрылысты қорғау үшін қажет болғанын айтты. Алайда ол нақты қауіп-қатерге тоқталмады.
Бірнеше сағат ішінде Оңтүстік Корея парламентінің отырысында 300 депутаттың 190-ы әскери жағдайды жою туралы қарарды бірауыздан қабылдады. Бұл сессияға Юнның партиясынан 18 мүше қатысты.
Президент әскери жағдай жарияланғаннан кейін шамамен алты сағат өткен соң бұл шешімнің күшін жойды.
Ұлттық мәжіліс алдындағы шерушілер ұрандатып және қол шапалақтап реакциясын білдірді. «Біз жеңдік!» деп айқайлады. Бір шеруші барабан соқты.
Оңтүстік Корея президентінің ресми өкілі «Төтенше соғыс жағдайына өтетіндей жағдай болмады. Төтенше әскери жағдай процедуралары сақталмады деген пікірлер бар. Бірақ бұл толығымен конституция шеңберінде жасалды», - деді телефон мәлімдемесінде.
Оңтүстікте болып жатқан бұл оқиғаға Солтүстік Кореядан әлі ешқандай реакция болған жоқ.
Юн рейтінгі құлдырағаннан кейін сыншыларын «коммунистік тоталитарлық және мемлекетке қарсы күштер» деп сипаттап, оңтүстік кореялықтардың арасында келеңсіздік тудырды. Қараша айында ол өзіне және әйеліне қарсы ықпал ету туралы айыптауларды жоққа шығарып, кәсіподақтарға қарсы қатаң позиция ұстанған болатын.
Сәрсенбі күні Сеулде қалыпты жағдай орнады. Пойыздар мен көшелер әдеттегідей қарбалас еді.
«Hyundai Motor» кәсіподақ ұйымы бейсенбі және жұма күндері ереуіл өткізуді жоспарлап отырғанын хабарлады. «Naver Corp» және «LG Electronics Inc» сияқты кейбір ірі жұмыс берушілер өз қызметкерлеріне үйден жұмыс істеуге кеңес берді.
Оңтүстік Кореяның ірі азық-түлік желісі консервілер, тез дайындалатын кеспе және бөтелкедегі судың сатылымы бір түнде күрт өскенін айтты. Бірақ анонимді болуды жөн көрді.
Сеулдің 39 жастағы тұрғыны Ким Бёнг Ин «Бұл жағдай мені қатты алаңдатады. Мен елдің болашағына қатты алаңдаймын», - деді.
Мәжіліс депутаттарының үштен екісінен астамы жақтап дауыс берсе, президентке импичмент жариялай алады. Конституциялық сот өзінің тоғыз судьясының алтауының дауысымен шешімді растай алатын сот процесін бастай алады. Юнның партиясы 300 орындық парламентте 108 орынға ие.
Қиын кезең артта қалды
Егер Юн отставкаға кеткенде немесе қызметінен босатылғанда премьер-министр Хан Дак Су жаңа сайлау өткенге дейін 60 күн бойы президент қызметін атқаратын еді.
Вашингтонда орналасқан «Азия» қоғамының саясат институтының вице-президенті Дэнни Рассел «Ұлт ретінде Оңтүстік Кореяға қауіп төніп тұрған жоқ, бірақ президент Юн өзіне зиян келтірді», - деді. Оңтүстік Кореяда 1980 жылдан бері алғаш рет әскери жағдай жарияланған болатын.
АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен Юнның әскери жағдайды жою туралы шешімін құптады. «Біз саяси даулардың бейбіт жолмен және заң үстемдігіне сәйкес шешілуін күтеміз», - деді ол мәлімдемесінде.
Оңтүстік Кореяда 1950-1953 жылдардағы Корей соғысынан қалған 28 500-ге жуық американдық әскер бар.
Екі одақтас арасында жоспарланған қорғаныс келіссөздері мен бірлескен әскери жаттығулар осы дағдарыстың дипломатиялық салдарына байланысты кейінге қалдырылды.
Қытай Сыртқы істер министрі Ван И Оңтүстік Кореяның саяси жағдайын «ішкі мәселе» деп бағалады. Ресей Оңтүстік Кореядағы «қайғылы» оқиғаларды алаңдаушылықпен бақылап отырғанын мәлімдеді.
Тәжірибелі прокурор Юнның 2022 жылы Оңтүстік Корея тарихындағы ең тартысты президенттік сайлауда жеңіске жетуі оңай болмады. Бірқатар мәселе бойынша наразылық тудырды.
Бірақ Юн танымал емес көшбасшы болып қала береді. Оның рейтингі айлар бойы шамамен 20%-ға өзгеріп отырды және оппозиция сәуірдегі сайлауда парламенттік орындардың үштен екісін жеңіп алды.
Оңтүстік Корея 1948 жылы республика болып құрылғаннан бері оннан астам әскери жағдай жариялады. 1980 жылы бір топ әскери шенеунік сол кездегі президент Чой Кю Ханы демократиялық үкіметті қалпына келтіру туралы үндеулерді басу үшін әскери жағдай жариялауға мәжбүр болатын.