Темекі шегу. Шамадан тыс алкоголь ішу. Семіздік.
Біз бәріміз бұл нәрселердің денсаулығымызға қаншалықты қауіпті екенін білеміз. Бірақ одан да қауіпті не бар екенін білесіз бе? Жалғыздық.
Барлығымыз бұл сезімді бастан өткердік. Бүгінгі күндегі технологиялық дамумен сан алуан байланыс орнату мүмкіндіктеріне қарамастан парадоксальды түрде бұрынғыдан да көп адам қоғамдан оқшауланғандай сезінеді. Сіз көпшіліктің арасында жүрсеңіз де, тіпті белсенді әлеуметтік өмір сүрсеңіз де жалғыз сезінуіңіз мүмкін. Үйленсеңіз де, толық отбасыңыз болса да сізді ешкім түсінбейтіндей сезінуіңіз мүмкін. Бұл эпизодта біз жалғыздықтың қауіптерін және алғашында қарапайым болып көрінетін бұл сезімнің ерекшеліктерін зерттейміз.
Жалғыздық— қайғылы немесе жалғыз болудан да үлкен сезім. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) мәліметінше жалғыздық өсіп келе жатқан қоғамдық денсаулық мәселесі ретінде әлемде миллиондаған адамды қамтиды. ДДСҰ жалғыз адамдардың өз-өзіне қол жұмсау ықтималдығының жоғары екенін атап көрсетеді. Жалғыз адамдардың жүрек ауруы, инсульт, алаңдаушылық және депрессия сияқты денсаулық проблемаларына ұшырау қаупі жоғары. Шынымен де жалғыздық жүрек-қан тамырлары ауруларының қаупін отыз пайызға арттырады.
Көптеген адам жалғыздық тек қарт адамдарға әсер етеді деп ойласа да, бұл сезім жасымыз бен туған жерімізге қарамастан барлығымызға ықпалын тигізуде. ДДСҰ зерттеуі бойынша, зейнеткерлердің 25%, яғни әрбір төрт адамның бірі қоғамнан бөлініп жалғыз қалған сияқты сезінетінін хабарлайды. Ал жастар арасында бұл көрсеткіш әлем бойынша 5-15% құрайды.
Алайда бұл сандар одан да жоғары болуы мүмкін. ДДСҰ жалғыздықтың нақты әсері әлдеқайда ауыр болуы мүмкін екенін айтады. Денсаулық сақтау саласының сарапшылары жалғыздықты әлемді тез арада жойып жатқан "үнсіз пандемия" деп атайды. Олар әлеуметтік байланыстың аз болуы қауіп факторлары арасында ерте өлім қаупіне тең немесе одан да жоғары деңгейде екенін анықтаған.
Ең жаманы жалғыздық –соңы көрінбейтін жол. Адамдар қажетті қолдауды ала алмаған кезде әлеуметтік тұрғыдан одан да оқшауланып қалады. Мысалы орта мектепте жалғыздықты бастан кешірген жастардың университетті тастап кету ықтималы жоғары. Сонымен қатар әлеуметтік байланысты сезінбейтін жұмыскерлер жұмыста төмен нәтиже көрсетуі мүмкін. Мектепті тастау немесе жұмыстан шығару бұл адамдарды одан әрі жалғыздыққа итермелейді.
Сонымен біз жалғыздықпен не істей аламыз? Өткен жылы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жалғыздықты денсаулыққа үлкен қауіп ретінде қарастыру мақсатымен әлеуметтік байланыс жөнінде жаңа комиссия құрды. Алдағы үш жыл ішінде бұл комиссия жалғыздықпен күресу жолдарын табу үшін күш жұмсайды.
Комиссияның ұсыныстары шыққанша пайдасы дәлелденген шешімдерге жүгіне аламыз. Әлеуметтік желілерде өткізілетін уақытты азайту және жаяу жүру, йога жасау немесе фитнес сабағына қатысу сияқты тұрақты физикалық белсенділік көңіл-күйіңізді айтарлықтай көтере алады.
Сондай-ақ өзіңізге мейірімді болу маңызды. Жалғыздық әр адамға тән және айыптауға келмейтін сезім. ДДСҰ әлеуметтік байланыстың сіздің қызметтестеріңіз, көршілесіңіз немесе қоғамдағы басқа да кісілерге қаншалықты жақын сезінетініңізге байланысты екеніне назар аударады.
Сарапшылар көршілермен немесе кафедегі қызметкерлермен әңгімелесу сияқты шағын әлеуметтік қарым-қатынастарды қамтитын күнделікті әдеттерді еңгізуді ұсынады. Отбасы мен достарға уақыт бөлу де маңызды. Жақын адамдарға себепсіз телефон соғу, жазу немесе видеоқонырау жасау жалғыздықты азайтады. Жаңа адамдармен танысу үшін қызуғышылықтарыңызға байланысты клубтарға, сабақтарға немесе қоғамдық шараларға қатысу да ұсынылады. Волонтерлік – жалғыздықпен күресудің тағы бір керемет жолы. Бұл шаралар күнделікті өмірге бір мақсат қосып, жаңа адамдармен танысуға мүмкіндік береді.
Алайда егер жалғыздық сезімі жалғасса немесе жақын қарым-қатынастарыңыз сізге қажетті қолдау мен қуаныш сыйламаса әрекетке көшу өте маңызды. Психологиялық кеңес және терапияның тиімділігі дәлелденген. Өзіңізді жалғыз сезінгенде көмек сұраудан тартынбаңыз.
Адамдардың қарым-қатынас құруы денсаулықтары үшін өте маңызды. Жалғыздықтың белгілерін тани отырып, көмек сұрап, қоғаммен араласып, біз бұл үнсіз пандемияның әсерін азайта аламыз.
Бұл ақпарат Сильвия Чебеттің «TRT World-та» жарияланған мақаласынан алынды.