2024 жылдың қыркүйегінде Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) “mpox” вирусының жаңа нұсқасына байланысты жаһандық қоғамдық денсаулық сақтауда төтенше жағдай жариялады. Вирус Конго Демократиялық Республикасында және көршілес Африка елдерінде тез тарап, жаһандық алаңдаушылық тудырды. Енді сіз "Бұл бұрын басқаша аталмады ма?" деп сұрауыңыз мүмкін. Дұрыс айтасыз. Бұл ауру бұрын “маймыл шешегі” деп аталып келді.
Африкадағы қоғамдық денсаулық сақтау мамандарының талабына сай, ДДСҰ 2022 жылдың қарашасында вирусты ресми түрде "mpox" деп атады. Бұл қадам тек ғылыми дәлдік мәселесі емес еді. Бұл аурулардың атауларымен жиі байланысты стигматизацияны, нәсілшілдікті және кемсітушілікті болдырмауға бағытталған саналы әрекет болатын.
Атаулар неліктен маңызды? Атаулар терең мағыналарға ие болуы мүмкін, кейде қауіпті стереотиптерді де күшейте түседі. “Mpox” вирусы туралы алғаш рет хабарланған кезде, онлайн форумдар ауруды Африка халықтарымен байланыстыратын нәсілшіл пікірлерге толды.” The Lancet” медициналық журналы бұл стигманың қаншалықты зиянды болуы мүмкін екенін атап өтті. Бұл адамдарды қажетті медициналық көмек алудан, вакцинациядан немесе емделуден бас тартуға итермелейді, барша адамзат үшін қауіп-қатерді арттырады.
Ауруларды географиялық орындар немесе қауым бойынша атаудың тарихы ұзын, көбінесе нәтижесі зиянды болады. Бұған ең жақсыі мысал - "испан тұмауы". Бұл 1918-1920 жылдардағы “H1N1” пандемиясы болатын. Атауына керісінше "испан тұмауы" шын мәнінде Испанияда басталған жоқ еді. Оның АҚШ-тың Канзас штатынан шыққаны айтылады. Испания жай ғана ол туралы ашық хабарлады, өйткені Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде бейтарап ел болатын, ал басқа елдер жаңалықтарды жасырды. Нәтижесінде пандемия көбінесе Испаниямен байланыстырылды.
Ауруларды адамдардың немесе жерлердің атымен атау тарихи алалаушылықты да күшейтуі мүмкін. Мысалы Даун синдромы бір кездері "монголизм" деп аталған, оны өзгертуге жылдар кетті. Генетиктер мен қорғаныс топтары бейтарап, дұрыс атау үшін күрескен кезде ғана біз Даун синдромы атауын қабылдадық.
Жақында болған мысал 2020 жылғы COVID-19-бен байланысты. АҚШ-тың сол кездегі президенті Дональд Трамп жаңа коронавирусты бірнеше рет "Қытай вирусы" немесе тіпті "Кунг Флю" деп атады. Оның осы сөздерді таңдауы үлкен наразылық тудырды, сыншылар оны нәсілшілдік пен ксенофобияны қоздырды деп айыптады. Пандемия кезінде АҚШ-та азиялықтарға қарсы жек көрушілік қылмыстары туралы деректер де күрт өсті. 2020 жылдың наурызы мен 2021 жылдың маусымы аралығында “Stop AAPI Hate”ұйымы Азия текті америкалықтарға қарсы кемсітушілік пен зорлық-зомбылықтың 9000-нан астам дерегін тіркеді.
Біз қолданатын тілдің нақты әсері болады. “The Lancet” 2022 жылғы мақаласында вирустар мен басқа ауруларды атауда жауапты болуымыз керек екенін жазды. “Mpox” вирусының атауын өзгерту - дұрыс бағыттағы қадам, бірақ денсаулық туралы пікірталастардың әділ, дәл және бейтарап болуын қамтамасыз ету бәріміздің жауапкершілігінде.